

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні
Бұл дүниежүзілік күннің мақсаты – қатерлі ісік туралы халықтың хабардарлығын арттыру, ол қазіргі өркениеттің ең ауыр ауруларының бірі ретінде, осы аурудың алдын алуға, анықтауға және емдеуге назар аудару.
Қатерлі ісік ауруларына қарсы күрес халықаралық одағы (UICC) Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күнін жариялады. ДДҰ мәліметтері бойынша, жыл сайын шамамен 14 млн қатерлі ісік жағдайы диагноз қойылады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 21 млн-ға дейін өсуі мүмкін. Қатерлі ісік әлемде әрбір 6-шы өлімнің себебі болып отыр. Ер адамдарда жиі кездесетін 5 түрлі қатерлі ісік: өкпе, бауыр, асқазан, тоқ ішек және тік ішек, қуық асты безі. Әйелдерде – сүт безі қатерлі ісігі, өкпе, тоқ ішек және тік ішек, жатыр мойны, асқазан. Барлығы үшін бірдей жиі кездесетін – тері қатерлі ісігі. Қоғамдық денсаулық сақтау үшін маңызы бар қатерлі ісік түрлері, мысалы, сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі және тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігі, ерте анықталған және тиісті емдеу жүргізілген жағдайда емделеді.
Балалар онкологиясында диагноздардың көпшілігі қанның және лимфа жүйесінің қатерлі ауруларымен байланысты.
Онкологиялық аурудың ауыр ағымының негізгі себептерінің бірі – білікті медициналық көмекке уақытында жүгінбеу және профилактикалық тексерулер мен диспансерлеуден тұрақты өтпеу салдарынан кеш диагноз қою. Әйелдер сүт бездерін өз бетінше бақылауы керек (өзін-өзі тексеруді жүргізу), гинекологқа тұрақты түрде бару, ер адамдар уролог дәрігерде тұрақты тексеруден өту қажет.
Қатерлі ісік ауруларының даму қаупін төмендету ережелері:
Темекі шегуден және алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тарту.
Салауатты өмір салтын ұстану – физикалық белсенділік және дұрыс тамақтану.
Инфекциялық аурулардан сақтану.
Вирустық гепатит В және С сияқты инфекция түрлері бауыр қатерлі ісігінің дамуына түрткі болады, Helicobacter pylori бактериясы – асқазан қатерлі ісігіне, ВПЧ (папилломавирус) – жатыр мойны қатерлі ісігіне және т.б. Уақытылы вакцинация қатерлі ісіктің 20%-дан астам жағдайында алдын алуы мүмкін.
Ультракүлгін сәулелену. Күн сәулесінің шамадан тыс түсуі терінің әртүрлі түрдегі қатерлі ісіктеріне әкеледі.
Профилактикалық тексерулер.
Қатерлі ісікке дейінгі ауруларды немесе қатерлі ісікті ерте сатыларда анықтаған жағдайда аурумен күресу әлдеқайда жеңіл.
Жоғарыда көрсетілген ұсыныстардың барлығын сақтау қатерлі ісіктің кез келген түрінің даму қаупін едәуір төмендетуі және ауруды дамудың ерте сатыларында анықтауға көмектесуі мүмкін.