Қалалық «103» телефоны арқылы жедел медициналық жәрдем (ЖМЖ) келесі жағдайларда шақырылады:
- Жазатайым оқиғалар, жарақаттар немесе улану;
- Аурудың өмірге немесе науқастың және айналасындағылардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін асқынуы;
- Босану немесе жүктіліктің асқынуы;
- Жедел коронарлық синдром.
Бұл жағдайларда дереу жедел медициналық жәрдем қызметіне (ЖМЖҚ) хабарласыңыз!
Ескерту:
- Сонымен қатар, бастапқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының жолдамасы бойынша ЖМЖҚ қызметкерлері шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін пациенттерді тасымалдайды.
- Қазақстан Республикасы азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға жедел медициналық жәрдем тегін көрсетіледі.
ЖМЖ қызметінің мамандары келесі жағдайларда үйге шықпайды:
- Амбулаториялық-емханалық ұйымдар жұмыс істеп тұрған уақытта шұғыл медициналық көмекті қажет етпейтін науқастарға;
- Емдеуші дәрігер тағайындаған процедураларды (көктамыр ішіне, бұлшықет ішіне, тері астына инъекциялар, қандағы қантты анықтау және т.б.) орындау үшін;
- Шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін жоспарлы науқастарды тасымалдау үшін;
- Сот-наркологиялық және басқа да медициналық сараптамаларды жүргізу үшін;
- Медициналық ұйымдарға кеңес беру үшін;
- Науқастарды ауруханадан үйге жеткізу үшін;
- Өлім жағдайларын тіркеу үшін;
- Созылмалы аурулар кезінде немесе бұрын тағайындалған емді (инъекциялар) алу үшін науқастың тұрғылықты жеріндегі емханаға жүгінуі қажет.
Ескерту:
- Тұмау, гепатит, қызылша және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу және денсаулықты сақтау мақсатында тұрғындар тұрғылықты жері бойынша емханаларда алдын алу екпелерін алуы тиіс.
- Жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандары сот-медициналық қорытынды, алкогольдік масаңдық актілері, еңбекке жарамсыздық парақтары мен анықтамалар бермейді.
«103» нөміріне жедел медициналық жәрдем шақыру кезінде азаматтар сақтауы тиіс ережелер:
1-ереже
Қоңырау шалушы нақты мекенжайды, кіреберіс есігінің кодын айтып, үйге қалай оңай жетуге болатынын түсіндіруі керек. Сондай-ақ, жедел жәрдем диспетчері қойған сұрақтарға нақты және толық жауап беру ҚАЖЕТ, өйткені бұл қажетті бейіндегі (кардиологиялық, педиатриялық, жалпы және т.б.) бригаданың келу жылдамдығына әсер етеді.
2-ереже
Диспетчермен сөйлескеннен кейін бірнеше минут ішінде (егер жағдай мүмкіндік берсе) пәтердегі бір адам сыртқа шығып, жедел жәрдем бригадасын қарсы алуы керек. Әсіресе бұл кешкі және түнгі уақыттарда маңызды. Біріншіден, бұл бригаданың келуін жылдамдатады, екіншіден, ЖМЖ қызметкерлерінің (көбі әйел адамдар) қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
3-ереже
Жедел жәрдем келген кезде, олар үшін жұмыс істеуге жағдай жасау қажет. Ең алдымен, бөгде адамдарды науқастың қасынан шығару керек. Содан кейін ЖМЖ шақыру себебін нақты айтып, бригада келгенге дейінгі шағымдар мен пациенттің мінез-құлқы туралы хабарлау қажет. Егер науқас созылмалы аурумен ауыратын болса, келесі құжаттарды алдын ала дайындап, дәрігерге тапсыру керек: амбулаториялық карта, ауру тарихынан үзінділер, кардиограмма және т.б.
4-ереже
Пациент ауруханаға жатқызылған жағдайда, онымен бірге тек бір туысы немесе танысы ғана бара алады. Ескерту: жедел жәрдем бригадасын негізсіз шақырған немесе диспетчерге әдейі жалған ақпарат берген тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін.