Қарағанды қаласының №5 емханасында «Аналардың орнындағы әкелер» атты тренинг өткізілді. Іс-шараның мақсаты — әкелердің бала күтіміндегі рөлін арттыру, нәрестеге ана көмегінсіз күтім жасау дағдыларын үйрету және отбасындағы жауапкершілікті бірге атқарудың маңызын түсіндіру болды.
Тренинг барысында әкелерге нәрестені дұрыс шомылдыру, тамақтандыру, жөргегін ауыстыру және қауіпсіз ұстау тәсілдері тәжірибелік түрде көрсетілді. Дені сау бала кабинетінің фельдшері бала күтімі кезінде гигиеналық талаптарды сақтау, су температурасын бақылау және нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, қатысушыларға баланы дұрыс тамақтандыру, тамақтан кейін күту, ұйқы режимін сақтау және сәби жылаған кездегі алғашқы әрекеттер туралы кеңестер берілді. Практикалық бөлімде әкелер арнайы манекендер арқылы бала күтімін жасап көрді.
Тренингке қатысқан әкелер белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Маманның айтуынша, әкенің бала күтіміне белсенді араласуы отбасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бала мен әке арасындағы эмоционалдық байланысты күшейтеді.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға пайдалы тәжірибе мен жағымды әсер сыйлады.






