2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделі енгізілді. Бұл барлық қазақстандықтарды сапалы медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
МӘМС жүйесі оған қатысушылардың — мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер — арасындағы ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. ТМККК және МӘМС-тің жаңа моделі ДДСҰ-ның денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтылу қағидаттарына сәйкес келеді.
МӘМС жүйесінде медициналық көмек ТМККК аясынан тыс қызметтерді қамтиды және әрбір адамның өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
МӘМС пакеті (тізімі):
- кеңес беру және диагностикалық көмек, оның ішінде бейінді мамандардың қабылдауы;
- амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету;
- стационарды алмастыратын көмек;
- жоспарлы стационарлық көмек, оның ішінде қымбат операциялар;
- диагностикалық қызметтер;
- оңалту және қалпына келтіру емі.